Меню KDT
! Сегодня
KZ / RU

Мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

Астана қаласы әкімдігінің
2012 жылғы «29» желтоқсандағы
№ 107-1926қаулысына
қосымша
 
 
«Астана қаласының Білім басқармасы»
мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
 
1. Жалпы ережелер
 
1. «Астана қаласының Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Астана қаласының аумағында білім беру ұйымдарының қызметіне басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық–құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған               мөрі және мөртабандары, белгіленген үлгіде бланкілері, сондай-ақ  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында      шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы және штат саны лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Басқарманың мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі, № 11.
10. Мемлекеттік органның толық атауы: «Астана қаласының Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
11. Осы  Ереже   Басқарманың   құрылтай   құжаты   болып   табылады.
12. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
         13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
         Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
 
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері
 
14. Басқарманың миссиясы: азаматтардың сапалы білім алуға конституциялық құқығын, білім беру қызметтеріне қол жетімділікті қамтамасыз ету, қоғам мен мемлекеттің білімге және білікті мамандарға қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады.
15. Міндеттері:
1) өңірлік, демографиялық және басқа да ерекшеліктерді ескере отырып, мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін білім беру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
2) қоғам дамуының өзгеру жағдайларына сәйкес Астана қаласы білім беру жүйесінің тиімді қызмет етуін және оны әлеуметтік-экономикалық қорғауды қамтамасыз ету;
3) білім беру саласындағы мемлекет саясатының қағидаттары негізінде тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби қалыптастыруға бағытталған сапалы білім беруді дамыту және білім бағдарламаларын игеру үшін жағдай жасау;
4) оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану, бірыңғай білім беру ақпараттық ортасын қалыптастыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу;
5) педагог қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балалардың барлық санаттарының құқықтарын іске асыруға байланысты іс-шаралар кешенін жүзеге асыру;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді іске асыру.
16. Функциялары:
1) мемлекеттік басқару органдарының және басқа да ұйымдардың қатысуымен халықтың білім алу қажеттілігінің өзгеруін болжауды ұйымдастыру, Астана қаласының білім беру жүйесін тиімді дамыту стратегиясын, тұжырымдамасын әзірлеу, білім беруді дамытудың өңірлік және мақсатты бағдарламаларын, даму жоспарын жасау мен уәкілетті органға бекітуге ұсыну;
2) білім беру жүйесінің жай-күйін және жалпы білім беру мен кәсіптік қажеттілігін қанағаттандыру деңгейін талдау, қала халқының барлық әлеуметтік топтарының білім алуға қажеттілігі мен сұранымын қанағаттандыру үшін қажетті жағдай жасау;
3) білім беру ұйымдарында тиімді білім беру қызметін қамтамасыз ету, ведомствоға қарасты барлық білім беру ұйымдары үшін қамтудың өңірлік бөлігін әзірлеу;
4) білім беру желісіндегі оқушылар мен тәрбиеленушілер контингентінің өзгеру беталысын болжауды қамтамасыз ету, оқушылардың оқу нысанын, үлгісін, бейінін және тілін таңдау мүддесін және халықтың сұранымын барынша қанағаттандыру үшін қалада жаңа үлгідегі білім беру мекемелерін дамыту жөнінде шаралар кешенін белгілеу;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Астана қаласының білім беру саласында шарттар мен келісімдер жасау;
6) Басқарма құзырындағы коммуналдық мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындарға қатысты уәкілетті органның функциясын жүзеге асыру;
7) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту мәселесін шешуді, мамандар даярлау және жұмысқа орналастыру жөніндегі мемлекеттік білім тапсырысын орындауды қамтамасыз ету;
8) қаланың білім беру мекемелерінің педагогикалық және басшы кадрлармен қамтамасыз етілуін зерделеу және олардың жаңа мамандарды даярлауға қажеттіліктерін болжауды жүзеге асыруды педагогикалық жоғары оқу орындарымен және кадрларды қайта даярлау бойынша өзге де әлеуметтік серіктестермен бірлесіп және қаладағы педагогикалық білім беру жүйесін құру және жетілдіру;
9) кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін педагогикалық инженерлік-педагогикалық және басқару кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлауды ұйымдастыру;
10) педагог кадрларға жоғары санат беру үшін аттестаттаудан өткізу, педагог кадрларды аттестаттаудан өткізу туралы ереженің сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
11) білім беру ұйымдарының қаржымен қамтамасыз етілуін талдау, уәкілетті органға білім беру саласын қаржыландыру мәселелері бойынша ұсыныс енгізу;
12) жергілікті бюджет бағдарламаларының әкімшісі функциясын атқару;
13) материалдық-техникалық базаны игеру және дамыту, білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын коммуналдық мемлекеттік білім мекемелерін қаржымен қамтамасыз етуді жетілдіру;
14) ведомстволық бағынысты мекемелер мен кәсіпорындарда мемлекеттік мүлікті басқару бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыру;
15) мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;
16) ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді бекітілген мерзімде қарау, келісу және бекіту;
17) ведомстволық бағынысты мекемелер мен кәсіпорындардағы мүліктің сақталуына бақылау жүргізу;
18) коммуналдық заңды тұлғаға берілген немесе меншікті шаруашылық қызметінің нәтижесінде олармен иеленген, коммуналдық мүлікті алып қоюға немесе мүлікті қайта бөлу бойынша өкілетті органға келісім беру;    
19) Басқарманың басқа мемлекеттік және жергілікті басқару органдарымен, жұртшылықпен, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен іс-әрекет саласын кеңейту;
20) оқушылар мен тәрбиеленушілердің оқуы, тәрбиесі, өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты қалада жүргізілетін эксперименталдық әдістемелер мен технологиялар үшін ғылыми-әдістемелік және психологиялық-медициналық-педагогикалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру, қаланың мектепке дейінгі, жалпы білім беретін, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына көмек көрсету, психологиялық-медициналық-педагогикалық, әлеуметтанулық, заң, диагностикалық орталықтар құру. Қалада оқыту мен тәрбиелеудің, кадрлар даярлаудың білім беру және кәсіптік жаңа инновациялық технологияларды енгізу үшін мектептер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының базасында эксперименттік алаңдар ұйымдастыру;
21) жаңадан енгізілгендер, жаңа оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламаларын эксперименттік сынақтан өткізу, педагогикалық және басқару жаңартпаларды, оларды енгізуге ұсыну, кешенді сараптаудан өткізу;
22) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне жаңа бағдарламалық-әдістемелік қамтуды әзірлеу жөніндегі ұсыныстар енгізу;
23) жастардың қажеттіліктерін ескере отырып, оларға техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасын ұйымдастыруда халықты әлеуметтік қорғау қызметіне көмек көрсету;
24) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды, жол жүру және медициналық қызмет көрсетуді және мектепке балаларды тасымалдауды ұйымдастыру;
25) қаланың білім және кәсіптік жүйесінің ғимараттармен және орын-жайлармен және де олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдаймен қамтамасыз етілуін талдау;
         26) Астана қаласы әкімінің қарауына мемлекеттік білім беру ұйымдарының қажеттілігін ескере отырып, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді сақтау және дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу мен ұсыну;
27) қаланың білім беру ұйымдарының оқулықтармен және оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етілуін талдау, білім беру ұйымдарының кітапханалық қорын жаңарту үшін оқулықтар, бағдарламалық-әдістемелік құралдарды мемлекеттік сатып алуды және жеткізуді жүзеге асыру;
28) қаланың барынша ерекшеленген білім беру қызметкерлерін марапаттау туралы құжаттаманы дайындау, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік наградалармен марапаттауға және құрметті атақтар беруге кандидатураларды ұсыну;
29) елдің басқа өңірлерімен және шетелдік білім беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдар және қорлармен тікелей байланысты орнату, білім алушылармен, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен алмасу халықаралық бағдарламаларына қатысу, бірлескен конференциялар, семинарлар, жиналыстар өткізу, білім беру және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өңірлік бағдарламалар әзірлеу;
30) Басқарма қызметінің мәселелері бойынша өз құзыреті шегінде шетелдің заңды және жеке тұлғаларымен халықаралық іс-тәжірибені зерделеу және ынтымақтастықта болу;
31) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізу, олардың заңды талаптары және негізді өтініштерінің орындалуын қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарының қызметіндегі кемшіліктерді жою жөнінде шара қабылдау;
32) балалардың құқықтарын қорғау, сонымен қатар қамқорлық және қорғаншылық, патронат, бала асырап алу (қыз асырап алу), балалардың құқығын және заңды мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, балалардың өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік минималдық әлеуметтік стандарттарды сақтау мәселелері бойынша, білім саласында мемлекеттік қызмет көрсету саласында Қазақстан Республикасының заңнамасын және халықаралық шарттарды іске асыруда бақылау мен мониторингті жүзеге асыру;
33) балалардың мүддесі мен құқықтарын көрсететін балалардың әлеуметтік маңызды бастамалары мен жобаларын ынталандыру және қолдау;
34) балаларға қатысты әлеуметтік жетімдіктің, зорлық-зомбылықтың және қатыгез қараудың, балалар еңбегінің ең нашар түрінің алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру;
35) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін мекемелермен өзара әрекетті жүзеге асыру, олардың қызметіне тәжірибелік көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акцияларын өткізу;
36) білім беру ұйымдарының және мамандандырылған, интернат мекемелерінің қызметін үйлестіру және бақылау;
37) қиын өмір жағдайына тап болған балаларды табу және алғашқы есепке қою, балалардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың заңды құқығын жүзеге асыру үшін оларға көмек көрсету және жағдай жасауға ықпал ету;
38) гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру;
39) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқармаға жүктелген өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.
17. Құқықтар мен міндеттері:
         1) жоғары тұрған органдарға белгіленген тәртіппен қаланың білім беруді дамыту мәселелері бойынша жобалар әзірлеуге және енгізуге;
         2) білім беру саласына қатысты мемлекеттік органдармен мен басқа да ұйымдар әзірлеген жобалар мен бағдарламаларға әлеуметтік-педагогикалық сараптама жүргізуге;
         3) білім берудің базалық бөлігін, оқу жоспарларын, бағдарламалар мен өзге де оқу-әдістемелік құжаттарды ұстауға нақтылау, өзгерістер мен толықтырулар (келісім бойынша) енгізуге;
4) мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдар мен лауазымды тұлғалардан өз құзыретіндегі мәселелер бойынша ақпарат сұратуға және алуға;
         5) қала аумағында Қазақстан Республикасының білім саласындағы қолданыстағы заңдарына қайшы келетін жергілікті атқарушы органдардың шешімдерінің, қаланың мекемелері мен қызметтерінің нормативтік және әдістемелік құжаттарының күшін жоюын ұсынуға;
         6) қаланың білім беру саласын дамытуды ғылыми және ақпараттық қамтуды әзірлеу және іске асыру үшін шарттық және келісім шарттық негізде ғылыми-зерттеу ұжымдарын, ұйымдарды, орталықтарды, жеке ғалымдар мен басқа да тұлғаларды (келісім бойынша) тартуға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
 
3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру
 
18. Басқарма басшылығын Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
         19. Басқарманың бірінші басшысын Астана қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
         20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
1) өзінің орынбасарлары мен Басқарманың бөлімдері басшыларының міндеттерін белгілейді және жауапкершілік деңгейін бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
3) Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады және ынталандырады;
4) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері мен Басқарманың ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдары орындауға міндетті бұйрықтар, нұсқаулықтар шығарады;
5) Басқарманың бөлімдері туралы ережені бекітеді;
6) Басқармаға ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындайды және жұмыстан босатады, мадақтайды және тәртіптік жаза қолданады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек тәртібін қолдау жөнінде басқа да ықпал ету шараларын қолданады;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша жеке жауапкершілік алады;
 8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Басқарма мүддесін білдіреді;
9) өз құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
         Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
         22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
         23. Басқарманы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын Басқарма бастығы басқарады.
        
4. Басқарманың мүлкі
 
      24. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
         Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген
мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
         25. Басқармаға бекітілген мүлік Астана қаласының коммуналдық меншігіне жатады.
         26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
 
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
 
27. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
 
Осы Ережеге қосымшаға сәйкес Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік кәсіпорындардың және мекемелердің тізбесі.
 
______________________________

 

Қосымша 11.07.2013 жылғы

Полезное